ШЫҰ мүше-мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңес өткізді
Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кеңесі болып өтті. Іс-шараға қорғаныс ведомстволарының басшылары: Үндістаннан – Раджнатх Сингх, Қазақстаннан – генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Қытайдан – генерал-полковник Вэй Фэнхэ, Қырғызстаннан – генерал-майор Таалайбек Омуралиев, Пәкістаннан – Первез Хаттак, Ресейден – армия генералы Сергей Шойгу, Тәжікстаннан – генерал-полковник Шерали Мирзо және Өзбекстаннан – генерал-лейтенант Баходир Курбанов қатысты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Кеңеске қатысушылар достық және сындарлы өзара іс-қимыл жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейін атап өте отырып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Ауғанстан аумағында орын алып жатқан тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді бейтараптандыру бойынша бағыттар мен ықтимал әрекеттерді талқылады.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірдегі және әлемдегі маңызы артты. Өңірлік, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастық іс жүзінде нығаюда, – деді еліміздің Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.
Министр сөйлеген сөзінде ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытудың, атап айтқанда, терроризмге қарсы іс-қимыл, Ауғанстандағы ахуалдың өзгеруін талдау, дағдарысты жағдайларды болжау, алдын алу шараларын қабылдау және өзара іс-қимыл форматтарын дамыту, оның ішінде жедел ақпарат алмасуды жолға қою сияқты өзекті мәселелерді қозғады.
Нұрлан Ермекбаев жаһандық деңгейде бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан Сирия мәселесін айтып өтті. Ол Астана процесі барысында қол жеткізілген уағдаластықтар осы елдегі толық ауқымды соғыстың айтарлықтай дәрежеде тоқтатылуына және ИГИЛ ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) өктемдігінің жай-күйіне ықпал еткенін атап өтті.
Қазақстанның Қорғаныс министрі Үндістанды, Қытайды, Ресейді және Пәкістанды қоса алғанда, барлық ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге коронавирустық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимыл шеңберіндегі белсенді және нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
Кеңеске қатысушылар ШЫҰ-ның өңірлік серіктес ұйымдармен іс жүзіндегі өзара іс-қимылды өрістету керектігін айтты.
Сонымен бірге, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары биылғы жылғы қыркүйекте Ресей Федерациясында "Бейбіт миссия – 2021" бірлескен терроризмге қарсы әскери командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуді талқылады.
Іс-шара барысында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті нығайтуға және тұрақтылықты қолдауға бағытталған ынтымақтастықты жалғастыру, сондай-ақ 2022 жылы кезекті отырысты Өзбекстанда өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңестің қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойып, бірлескен коммюнике қабылдады және екі жыл мерзімге кезекті ынтымақтастық жоспарын бекітті.