Тараз тұрғыны күміс тиынға толы көне құмыра тауып алды
Кездейсоқ болған оқиға қалаға жақын жатқан ауылдардың бірінің маңында болған. Жұмыстан қайтып келе жатып Рафаэль Искандеровтің көлігі бұзылған. Жол жиегіне тоқтап, темір тұлпарды жөндеуге қажетті темір іздеп жүргенде көз алдына жылтыраған металл түсіпті, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Анықтап қарағанда табылған зат қыш ыдысқа салынған тиындар екендігін аңғарған. Қазып алып, үйіне алып келіпті. Тұрғын табылған жәдігерді музейге өткізіпті. Мамандар табылған тиындар 10-шы ғасырдың орта тұсына тиесілі деп болжап отыр. Бұлай топшылауға көне ақшалардағы арабша жазулар мен белгілер түрткі болыпты. Алдағы уақытта ғалымдар көмбені толықтай зерттеп, тарихын нақты айтамыз деп отыр.
Рафаэль Искандеров, Тараз қаласының тұрғыны:
Алғашында ешкімге айтпай сатып жіберу туралы ұсыныстар түсті. Бірақ, ондай қадамға баруға арым жібермеді. Менің ойымша мұндай құнды заттар сатылмауы керек. Кейінгі ұрпаққа тарихты тану үшін керек болады деп есептеймін.