Доңға кеніші бойынша "Total" компаниясымен келісімшарт 2039 жылға дейін ұзартылды
ҚР Энергетика министрлігі "Total" компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында министр Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, "Total" компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құяды.
Нәтижесінде компания мұнай өндіру деңгейін 25% арттыруды қамтамасыз етеді. Ол дегеніміз қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артуы және құрылыс жұмыстары кезінде 400 жуық жұмыс орнының құрылуы, деді ол.
Сонымен қатар, "ҚазМұнайГаз" компаниясы Өзен, Жетібай және Қаламқас кен орындарына іргелес учаскелерде қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін болады. Бектұрлы Шығыс және Өзен-Қарамандыбас учаскелерінде 26 млрд теңге сомасына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Министр мәлімдегендей, 2028 жылдан бастап мұнай өндіруді 19,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Қазір "ҚазМұнайГаз" бен ЛУКОЙЛ кен орындарын игеру тұжырымдамасын талқылап жатыр.
Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, ҚазМұнайГаз ағымдағы жылдың соңына дейін тұжырымдама нұсқасын түпкілікті айқындауы қажет. 2028 жылдан бастап жыл сайын жоспарланған мұнай өндіру шамамен 4 млн тоннаны құрайтын болады. Болжам бойынша инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл жобалар Кешенді даму жоспарына кірмеді. Себебі оларды іске асыру 2025 жылдан бастап көзделген. Алайда, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді, деп қосты ол.