Маған хабарлаңыз – БҚО әкімі жемқорлық туралы
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қарамағындағы қызметкердің ірі пара алғаны үшін ұсталғаны туралы түсініктеме беріп, сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жағдайда жеке нөміріне хабарлауды сұрады, деп хабарлайды zakon.kz.
"Телміріп тапқан теңгеден - тер төгіп тапқан теңге жұғымды", деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, заңсыз және оңай ақша алған жемқор адам тауардың бағасы туралы ойланбай оны оңай жұмсай береді. Бұл нарықтағы инфляцияға әкеледі. Яғни, жемқорлықты бағаның өсуінің бір себебі ретінде қарастыруға болады, дейді ол.
Жақында мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салып жатқан кәсіпкерден қала әкімдігінің қызметкері ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды.
Құрылыс материалдары мен қызмет көрсету жұмыстарына баға өсіп жатқан жағдайда, біз адал жұмыс істейтін құрылыс компанияларымен бірге құрылыс нысандарын уақытында және сапалы аяқтау үшін қосымша қаражат іздеудеміз. Осындай жұмыстар атқарылып жатқанда мұндай жағдайлар тіркеліп отырса, қатаң шара қолдануды қажет етеді.
Мен тағы да мемлекеттік жобалармен жұмыс істеп жүрген азаматтарға ескертіп айтамын. Заңсыз ұсыныстарға беріліп, бопсалауға түспеңіз. Мен ешкімге заңсыз нұсқау бермеймін және оны орынбасарларым мен әкімдерден талап етемін.
Егер мұндай фактілер болса, менің жеке WhatsApp нөміріме +77017776037 "Сыбайлас жемқорлық" деп белгілеп хабарлауды өтінемін. Мен тергеу барысын және кінәлі тұлғалардың заң бойынша жауап бергенін қадағалайтын боламын, делінеді жазбада.
13 қазанда БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Орал қаласы бойынша құрылыс бөлімі" ММ басшысына қатысты тергеу басталғаны белгілі болды, ол 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың 11 қазанына дейін "Ш" ЖШС директорынан конкурс бойынша Мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдем көрсеткені үшін 170 млн теңге, бұрынғы келісімшартқа көмек көрсеткені үшін 134 млн теңге пара алды.
Шенеунік Орал қаласындағы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2,2 млрд теңге болатын екі тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылыс нысаны бойынша атқарылған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қоюға көмектескен. Бөлім басшысы мен оның сыбайласы ұсталып, УҰИ-ға қамалды, деген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Бақытжан Отарбаева