Қазақстанда патриоттық бағыттағы TikTok құру ұсынылды
Ақмола облысының поляктар бірлестігінің төрағасы Наталья Нагачевская ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында патриоттық бағыттағы TikTok құруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның идеясын қолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Отырыста сөз сөйлеген Нагачевская бүгінде балаларға арналған интернет кеңістігінен келетін қауіптер туралы атап өтті.
Қазақстанда кәмелетке толмағандар іс жүзінде әрбір екінші күні өзіне-өзі қол жұмсайды және барлық жағдайлардың 5-8%-ы суицидпен аяқталады. Мені ана ретінде бір сұрақ алаңдатады: Балаларымызды осының бәрінен қалай қорғауға болады? Қазан мен Перьмнен кейін тағы қайда оқ атылады? Біздің балаларымыздың өмірін құрту үшін тағы қандай "көк киттер" пайда болады!? Ұлыбритания қазірдің өзінде жаңадан шыққан "Кальмар ойыны" сериалына қатысты дабыл қағуда. Біздің балалар да оны көреді, - деді ол.
Оның пікірінше, оған балама ретінде компьютердің орнына пайдалы демалыс инфрақұрылымын, даму жобаларын енгізу қажет.
Мен ата-аналар кеңесін балаларымызбен бірге болу үшін аула клубтарында өз жобаларын ұйымдастыруға шақырамын. Мәдениет және спорт министрлігінен балалар театрларын жандандыруға көмек сұраймыз. Оларды қолданыстағы театрлар, мәдениет үйлері және мектептен тыс жұмыс орталықтары негізінде ашуға болады. Біздің этномәдени бірлестіктеріміз балаларды Ассамблеяның мәдени шараларына, көркемөнерпаздар шығармашылығына кеңінен тартуы керек. Мен TikTok-та "Біздің өлкеміздің тарихы" жобасын ашуды ұсынамын. Оны Ассамблеяның сайтында және әлеуметтік желілерде жариялауға болады. Біз осындай жобалар арқылы интернетті қажетті және пайдалы арнаға бағыттап, оны пайдалы дүниеге айналдыруымыз керек, - деп есептейді бірлестік басшысы.
Қазақстан Президенті мұндай уәжбен келісті.
Заңсыз контентке қатысты сізбен келісемін. Қазір бұл барлық елдер үшін өзекті. Сіз заңсыз, зиянды контентке қарсы тұруды дұрыс атап өттіңіз, бұл ақпарат ең алдымен жастарды тура жолдан тайдырады. Бұл күреске мемлекет қана емес, бүкіл қоғам да қатысуы тиіс, өйткені бұл елдің болашағы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол өзінің биылғы қыркүйек айындағы Жолдауында бұқаралық балалар спортын дамыту қажеттілігі туралы айтқанын еске салды.
Біз балалардың қажетсіз нәрселерге алаңдайтынын көреміз, өйткені олардың бос уақыты бар, ал ата-аналар мен мұғалімдер әрдайым мектептен тыс уақытта қадағалай алмайды және біз балаларымыздың тура жолдан қалай тайып кеткенін байқамай да қаламыз. Сондықтан жаппай балалар спортын дамытайық. Біз облыс басшыларының, әкімдердің, соның ішінде бұқаралық балалар спортын дамыту жөніндегі жұмысын бағалаймыз, бірақ сіз балаларды өнер, мәдениет жағына тартуға қатысты өте маңызды ұсыныс жасадыңыз. Мен бұл ұсынысты қолдаймын және облыс әкімдеріне айтарым: шынында да, балалар театрларын ашу жұмысын бастайық, - деп үндеді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанда балалар арасында таланттар өте көп.
Кеше ғана мен Жезқазғанда болдым, балалардың түрлі өнермен айналысатынын, соның ішінде домбырада ойнатынын көрдім. Бұл қуантады, бірақ біз ондай балаларға қолдау көрсетуіміз керек. Мен TikTok-та "Біздің өлкеміздің тарихы" жобасын құру туралы ұсынысыңызды қолдаймын. Шынында да, бұл жақсы жоба. Қазір жастар негізінен Instagram және TikTok-та отырады. Бұл біздің өміріміздің шындығы, балаларымыздың көңіл-күйіне, мәдениетіне және тәрбиесіне мән берейік, - деп түйіндеді президент.
Бақытжан Отарбаева