Цифрлық даму вице-министрлерінің жұмысында не өзгереді
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин вице-министрлер үшін KPI енгізу керектігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, кейбір ведомстволардағы цифрландыру жөніндегі вице-министрлер ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасарларға айналды және өзіне сәйкес келмейтін жұмыстармен айналысты.
Олар компьютерлік техниканы сатып алды, серверлерді сатып алу үшін техникалық сипаттамалар жазды. Егер басшылықтың интернеті істен шықса, оны жөндеу цифрландыру жөніндегі вице-министрлерге жүктелді. Шын мәнінде, цифрландыру жөніндегі вице-министр цифрлық трансформацияны ілгерілетумен айналысуы тиіс, – деді Бағдат Мусин ОКҚ брифингінде.
Ол автоматтандыру мен цифрлық трансформация жұмыстарының арасындағы айырмашылықты түсіндірді.
Бізге әдістемелік тапсырмалар берілген кезде автоматтандырумен айналыстық. Мысалы, жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе құқық беру. Бұл құқық заңнамалық актілерде және тиісті нұсқаулықтарда сипатталған. Жетекшілік ететін салалық вице-министр немесе салалық департамент оны автоматтандыру керек деп сипаттады, содан кейін IT мамандары оны қарастырды және осы процестерді автоматтандырды. Біз қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді негізге алып, бизнес-процестерді автоматтандырумен айналыстық, - деп түсіндірді цифрландыру министрі.
Мысалы, банктермен жұмыс істеудің арқасында автокөлік сату және оларды тіркеу бойынша онлайн-сервистер пайда болды. Министрдің айтуынша, мұның барлығы цифрлық трансформация. Мәселен, бүгінгі таңда автокөліктердің 36%-ы онлайн режимде қайта рәсімделген, адамдар ХҚКО-ға бармайды.
Немесе мүгедектігі бар адамдарға мүгедектік алу үшін кем дегенде төрт орынға бару керек болды. Енді адам емханаға бір рет қана барады, медицина қызметкерлері барлық деректерді базаға енгізеді, содан кейін процесс онлайн өтеді.
Цифрлық трансформация – бұл барлық процестерді қайта қарау. Бұл дүниенің бәрін автоматтандырып тастаймыз деген сөз емес. Президент цифрландыру жөніндегі әрбір вице-министрдің салаға еніп, сыбайлас жемқорлық көріністері мен тәуекелдерін қазіргі жағдайға сәйкес өзгертуге көмектесетін инновацияларды ұсынуды күтеді. KPI біздің ұлттық жобадан басталады, - деп түйіндеді Мусин.
27 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруға жауапты вице-министрлердің жұмысын сынға алды. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін әрбір цифрлық вице-министр үшін KPI енгізуді тапсырды
Бақытжан Отарбаева