Елордалықтар Жеңіс күнін қалай қарсы алды
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлерді еске алу үшін "Отан Ана" монументіне халық ертемен жинала бастады.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Түске таман монумент жанына келушілер қарасы көбейе түсті.
Сурет: Zakon.kz
Көпшіліктің ішінен қыздарының сүйемелдеуімен ескерткішке қарай келе жатқан Күлсара әжені көзіміз шалып, сөзге тартуды жөн көрдік. Күлсара әже де Екінші дүниежүзілік соғыста әкесінен айырылған, балалық шағын да сұм соғыс жалмаған.
"Соғыс басталған жылы мен 10 жаста едім. 1942 жылы маусым айында әкем соғысқа кетті. Ауылымыз Тайынтыдан жиырма шақты адам аттанды. Әкемнен хат келіп тұратын, кейін хат үзіліп, хабарсыз қалдық. Соңғы хат Харьковтан келді. Содан кейін із-түссіз кетті. Нағашым аяғынан, атамыз қолынан жараланып келді", – дейді Күлсара әже.
Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Күлсара әже қиын жылдары оқудан қол үзбегенін айтты, арасында ауылдастырамен бірге қолғап, шәркей тоқып, майдан даласына жіберіп тұрған екен.
Сурет: Zakon.kz
Астаналық Аяулым да бүгін әкесіне еріп, соғысқа аттанған қос атасын еске алуға келіпті.
"Елен атам Ленинград маңында соғысқан. Медаль алған. Ал Мәуліт атам соғыстан оралмапты. Ол соғысқа 1942 жылы кеткен, әлі күнге дейін сүйегі қай жерде жатқанын білмейміз", – дейді Аяулым.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та мәңгілік алауға гүл қоюға келіпті.
"Өз атам Перуаш Кәрімұлы Алашты насихаттағаны үшін 1937 жылы 22 жасында халық жауы ретінде репрессияға ұшыраған. Сол үшін соғысқа қатысқан жоқ. Ал оның інілері Курск шайқасынан бастап, Прагаға дейін жетті. Расында аталарымыздың Жеңіске қосқан үлесі зор", – дейді Азат Перуашев.
Бүгін жиналған әр адамның бір жақыны ел басына үйірілген қара бұлтты сейілтіп, Жеңісті жақындатуға бар үлесін қосқан. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Сурет: Zakon.kz
Алау маңына жиналған жұрт сәлден кейін Жеңіс туралы ән сала бастады. Соғысты көрмесек те, соғыс кезінде шерменде болған жүректің қағысын естігендей болдық.
Сурет: Zakon.kz
Аулақта әскери-патриоттық клуб мүшелері сап түзеп кетіп бара жатты.
Сурет: Zakon.kz
Ал атасын еске алуға келген мына балақай көлікке мініп алып: "Отырыңдар, соғысқа кеттік" деп қояды. Соғыстың не екенін сен де, келер ұрпақ та көрмей-ақ қойсын, балақай.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz