Путин мен Си Цзиньпин сыртқы байланыстар туралы мәлімдемеге қол қойды
Кремль сайтында жарияланған құжатта тараптардың бірауыздан демократияның жекелеген мемлекеттердің артықшылығы емес, жалпы адамзаттық құндылық екенін, оны насихаттау және қорғау бүкіл әлем қауымдастығы үшін ортақ міндет екенін түсінетіні атап өтілді.
Мәлімдеменің бір бөлігі халықаралық жағдайға арналғаны аталды. Құжат мәтінінде «Ешбір ел өзінің қауіпсіздігін бүкіл әлемнің қауіпсіздігінен оқшауланып, басқалардың қауіпсіздігі есебінен қамтамасыз ете алмайды және оған міндетті емес» деп көрсетілген.
Құжаттың негізгі ережелерінің арасында егеменді елдердің ішкі істеріне сырттан араласуға, әлемдік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге және «түрлі-түсті революцияларға» қарсы тұруға ниетті екені және тағы басқа мәлімдемелер бар.
Айта кетейік, 4 ақпанда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға барды. Мемлекет басшылары Бейжіңде келіссөз жүргізіп, XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты.