Тараздық 90 жастағы Салиха Бестерекова қазақ елінің келешегі үшін таңдау жасағанын айтты
Әр тұрғын өзінің азаматтық құқығын пайдалану керек дейді.
Бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше өтуде. Сол үшін учаскеге ерте келіп, дауыс бердім. Салиха Бестерекова, 90 жастағы қария
Қазір біз мүлде жаңа кезеңге қадам бастық. Әлемде геосаяси ахуал да ушығып барады. Сондықтан жаңадан сайланған Мемлекет басшысына артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр болмақ. Сайлауға тек науқандық оқиға ретінде ғана қарауға болмайды. Бұл әрбір азаматтың зор жауапкершілігін талап етеді. Халықтың сеніміне селкеу түспеуі үшін әр партия өздері ұсынған үміткердің сол ұйымның ғана емес, елдің аманатын арқалайтындығын жіті назарда ұстауда. Сайланған азамат қабілет-қарымының жеткенінше жұмыс жасап, елмен бірге қызмет қылғаны дұрыс. Барлық үміткер үлкен қадамға аяқ басқандығын, ел басқару аса ықтияттылықты талап ететіндігін толық ескеріп отыр, деп ойын жеткізді ақжаулықты әже.
Саяси шара халық билігін жүзеге асырудың төте жолы деп білемін. Бүгін әр тұрғын өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, таңдау жасауы ел ертеңі үшін маңызды. Сондықтан да мен өз таңдауымды жасап, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс бердім. Өзгелерді де осыған шақырамын!