Болат Ақшолақов: Қазақстанның тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеуге 182 млрд теңге қажет
Энергетика министрлігі басшысы атап өткендей, қызыл аймақта орналасқан ЖЭО-лар үшін келесі жылыту маусымында тәуекелдерді барынша азайту мақсатында негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталды.
"Бенчмаркинг аясындағы алдын ала есептеулер бойынша жоғарыда аталған жұмыстар 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қажет етеді, іске асыру мерзімі 2023 жыл". Болат Ақшолақов
Оның айтуынша, электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеуге қарастырылған қаражат 93 млрд теңгені құрайды.
"Қазіргі таңда бекітілген тарифтер аясында электр және жылу энергиясын сатудан түскен электр станцияларының кірісі толық жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды өтей алмайды. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру көлемі 88 миллиард теңгені құрап отыр". Болат Ақшолақов
Ол коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО-да жоғарыда аталған жұмыстарды орындауды мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО-ны меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсынылып отырғанын айтты.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия аясында ЖЭО-ның техникалық жағдайын талдау аяқталды. Бүгінде елімізде бар болғаны 37 жылу-электр орталығы бар, оның 19-ы қызыл аймақта, 11-і сары аймақта, жетеуі жасыл аймақта.
ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құраса, Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы ЖЭО-лардың тозуы 80 пайыздан асады. Еліміздегі жылу электр стансаларының орташа жасы 61 жасты құрайды, оның ішінде ЖЭО-ның 76%-ға жуығы 50 жылдан астам жұмыс істеген. 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы электр станцияларындағы апаттық тоқтаулар саны 5%-ға өсті.
Қарашаның 27-не қараған түні апат салдарынан Екібастұзда жылу мен ыстық су беру тоқтатылды. Энергетика министрлігі жылу құбырларының тозуының жоғары деңгейін хабарлады, бұл 70%-дан астам.
28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды.
4 желтоқсанда тұрғын үйлердің барлық жертөлелеріне жылу берілгені белгілі болды.