Ауыл шаруашылығы министрлігі пиязды экспорттауға тыйым салу туралы бұйрық дайындады
«Қазақстан Республикасының аумағынан пиязды (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 070310), оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге әкетуге үш айға тыйым салу енгізілсін», - делінген құжатта.
Жоба Қазақстаннан пияздың жаппай экспортына жол бермеу және оның бағасын тұрақтандыру үшін үш ай мерзімге пияз экспортына тыйым салу туралы Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімін іске асыру шеңберінде әзірленді.
Құжат Ашық НҚА веб-сайтында 2023 жылдың 24 қаңтарына дейін орналастырылған.
17 қаңтарда Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссия үш ай мерзімге пияз экспортына тыйым салу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Атап айтқанда, бұл үшінші елдерден қазақ пиязына деген сұраныстың асқынуына байланысты. Мысалы, Азиядағы және әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны пияз бағасының жаһандық өсуіне, соның ішінде біздің республика нарығында да себеп болды.