Шымкентте қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қыркүйекте басталады
Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрик, құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлерге сұраныс өте көп.
Нарықтағы сұраныс ескеріліп, "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары ұйымдастырылуда. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қана қоймай, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік беруде. Биыл қалада қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қыркүйек айында басталады.
Жалпы былтыр кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша 2134 адам қамтылған болатын. Жұмыс берушілерден түскен өтініштер негізінде биыл 1500 азаматты оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқыту жоспарлануда. Қатысушы 3 ай кәсіптік оқыту мерзімінде 20948 теңге шәкіртақы және бір реттік материалды көмек алады. Кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде жұмыс орнына кемінде 6 ай мерзімге жұмысқа қабылдайды.
Сонымен қатар жұмыс беруші компаниялардың өтінішімен 760 адамды жұмыс орындарында кәсіптік оқыту жоспарланып отыр. Оқу аяқталған соң бітіруші кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Қазір 34 компаниядан 40-тан астам мамандыққа өтінім түскен. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінде 2 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.