Алматыда қандай мектептер сүріледі
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, Ерболат Досаев бұзылған №97 мектептің орнына жаңасын салуға кіріскенін айтты. 600 орынға есептелген ғимарат "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында бой көтермек. Құрылыс 2024 жылдың соңына дейін жалғасады. Дәл осындай жағдай бірнеше басқа мектептерде де болады.
"№72 мектепті бұзып, жыл соңына дейін сыйымдылығын 380-ден 1200 орынға дейін арттыратын жаңа ғимарат салу үшін бес жер телімін сатып алдық. Он мектепті қосу арқылы қолданыстағы мектеп аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2024 жылдың бірінші тоқсанында басталады", - деді Ерболат Досаев.
2024 жылдың бірінші тоқсанында 400 орындық №104 мектепке қосымша ғимарат құрылысы басталады. Қазір қала билігі №13 және №158 мектептердің орнына сыйымдылығын 1200 орынға дейін ұлғайтып, екі жаңа мектеп салу үшін оларды бұзу туралы шешім қабылдап жатыр. Сонымен қатар 700 орындық қосымша ғимарат салынатын екі мектеп анықталды.
"№1 мектеп бойынша 400 орындық кеңейтудің жобалық құжаттамасын әзірлеу 2024 жылдың бірінші тоқсанында басталады, 2024 жылдың қазан айында аяқталмақ. Жобалық құжаттаманы әзірлеу шілде айында басталды. Мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі 2024 жылдың мамыр айы деп белгіленген. Сонымен бірге №141 және №127 мектептердегі сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеуді аяқтадық", - деп толықтырды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан жаңа мектептердің құрылысына 2,4 триллион теңге жұмсайтыны бұған дейін хабарланған еді.