Тоқаев: Жағымсыз үрдістермен күресіп, ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет
Аталған орталық биыл демеушілердің қолдауымен салынған. Жалпы құны – 1 миллиард 700 миллион теңге.
Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу жұмысымен де айналысады.
"Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және "Қазақ елінің ұлы аналары" картинасын тамашалады. Содан кейін "Анаға тағзым" орталығындағы "Ұлт жақұты" музей залымен, "Мирас" әжелер клубымен, "Жас отау" мектебімен, "Шамшырақ" фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетімен танысты", делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мемлекет басшысы мұндай орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Расында, бұл жұмыс өте маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді насихаттауымыз керек. Әйтпесе, дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.