Тоқаев: Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Digital Bridge форумында цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызды екенін айтты.
Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеті әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс.
Мемлекет басшысының сөзінше, ең әуелі біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады.
"Үкіметке екі жылда жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды".Қасым-Жомарт Тоқаев
"Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр" деп қосты президент.
"Бұл жерде ақпараттың "ашықтық презумпциясын" басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс". Тоқаев
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript