"Тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер": президент тұрақтылықты сақтаудың маңызын айтты
Сурет: Zakon.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Қазақстан егемен мемлекет ретінде әрдайым ұлттық мүддесіне сай келетін салмақты әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін аймақтық және жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқарады. Біз әлемдік діндердің бір бірімен жақындасып, сындарлы диалог орнатуына күш саламыз.
"Қазіргі заманда мемлекеттердің ұжымдасып күш жұмылдыруы және дипломатияны даналықпен әрі жоғары кәсібилікпен жүргізуі әлемде ұзақ уақыт бойы тұрақтылық орнауына, елдердің жаппай дамуына, БҰҰ-ның Жарғысына негізделген әділетті халықаралық қатынастар жүйесі құрылуына жол ашады. Қазақстан "елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік", "әралуандық арқылы – бірлікке" деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанады".Мемлекет басшысы
Дегенмен президент Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұрғанын да еске салды.
"Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең әуелі, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер".Президент
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript