"Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңдар": мемлекет басшысы Қазақстан жастарына үндеу жасады
Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Онда ол еліміздің жастарын жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Жастар дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады.
"Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз", - деді президент.
Осы орайда президент жастарға арнайы үндеу жолдады.
"Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең әуелі сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер. Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды, яғни біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады", - деді ол.
Сонымен қатар мемлекет басшысы жастарға "Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады" деп қосты.
"Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны санаға мықтап сіңірген жөн". Қасым-Жомарт Тоқаев
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript