Тоқаев Қазақстан жастарына үндеу жасады

"Бүгінгі жиынға жастар да қатысып отыр. Сіздерге айтарым: төл тарихымызды терең білу қажет. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басуы керек. Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек.
"Абайша айтқанда, "ғылым таппай мақтанбауы" қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз – мығым, болашағымыз – баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 31 мамырда Астана маңындағы "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойғанын жазғанбыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы шарада сөз алып, Қазақстан халқының жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатынын баса атап өтті. Президенттің айтуынша, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – қастерлі борышымыз. Аталған шарада Мемлекет басшысы тарихты ел ішіне іріткі салатын насихат құралы ретінде пайдалануға жол бермеу керектігін де айтты. Сонымен қатар президент атап өткендей, тарихқа деген көзқарас саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек екенін де нақтылады.