Тоқаев Путинді су ресурстарын тиімді пайдалануға шақырды
Мемлекет басшысы келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналатынын айтты. Оның сөзінше, отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті.
"Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны егін өнімділігінің 30%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Біздің ауыл шаруашылығы саласы судың 60%-дан астамын тұтынады және суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізуді талап етеді. Бұл мәселелерге жауап ретінде біз су шаруашылығы саласын жаңғыртуға кірісіп жатырмыз". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленуде. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған.
"Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік бизнеске сертификатталған халал өнімдер экспортын ілгерілетуді ұсынды.