Жаңалықтар тізбегі
0

"Өзгерістер бар екенін мойындау керек": Депутат президенттің сайлауалды бағдарламасына тоқталды

"Өзгерістер жоқ емес, бар екенін мойындау керек": Депутат президенттің сайлауалды бағдарламасына тоқталды, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.11.2023 13:20 Сурет: ҚР парламенті мәжілісі
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр халыққа "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін" деп аталатын сайлауалды бағдарламасын ұсынған еді. Содан бері бір жыл өтті. Айтулы датада мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев бағдарламаның орындалу барысына тоқталып, пікір білдірді.

AMANAT партиясы фракциясы мүшесінің айтуынша, бүгінде президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге талдау жүргізу және жетілдіру жұмысы қарқынды істеліп жатыр. Дегенмен барлығын бірден реформалау мүмкін емес. Өзгерістер де уақыт талап етеді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен дәстүрлі жолдауларын жалпы жаңару мен жаңғыру, жүйелі реформалар, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құруға негіздеген. Мұның бәрі де кезең-кезеңімен іске асып келеді. Оның бір дәлелі – сот және құқықтық жүйенің оңтайландырылып жатқаны. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару Кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ондағы мақсат азаматтардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнестің жүргізілуіне бюрократиялық кедергісіз жол ашу. Сонымен қатар лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді шешу". Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев

Осыған байланысты құрылған жұмыс тобы былтырдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды талдауға кірісті. Қылмыстық және Қылмыстық-процестік Кодекстерді жетілдіру әділетсіздікті жоюға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құқық бұзушылықтардың, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аражігін ажырату, сотқа дейін тергеп-тексеру түрлерін қысқартуда әділдік қалыптастырады. Бұл бойынша алдағы 3 жылда терең ғылыми-практикалық талдау жүргізіледі.

Мысалы, бір тауық ұрлаған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, тауық ұрлаған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ.

"Мұның бәрі президенттің әлеуметтің талап-тілегі, мұң-мұқтажынан хабардар, сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құрмақшы. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарға шартты жазаға кесіліп, жазасын еркіндікте өтеуге мүмкіндік берілмейді. Енді қарызды өндіріп алу үшін өз өкілеттігін асыра пайдаланып заңсыздықтарға барған коллекторлар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі олардың қысымына шыдамай өз-өзіне қол салу жиілеп кетті. Кісіні қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, өлімге итермелеу қылмыс. Құқық бұзған коллекторларға да 5 жылға дейін қызметінен айыра отырып 5000 АЕК айыппұл салу, не 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген". Мәжіліс депутаты

Қайрат Балабиевтің айтуынша, жұрттың құқық жағынан сауатсыздығын пайдаланатын алаяқтар бар. Әсіресе жер алу, үй сату, құжаттарды рәсімдеу, біреудің мүлкін иемдену сияқты заңсыздықтар болып жатыр. Әлбетте құжат рәсімдеу, мүлікті бағалау бағалаушылар мен нотариустардың қатынасуынсыз іске аспайды. Сонымен бірге жеке сот орындаушыларына деген арыз-шағым толастар емес. Осы орайда AMANAT партиясы дәрменсіз адамдарды қаржылай және құқық жағынан сауаттандыру ісімен айналысып келеді. Жетімдердің алимент ақысын егеленіп алатындар да бар. 

Алдағы уақытта өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған нотариустар, жеке сот орындаушыларының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4000 АЕК көлемінде айыппұл салынып, не сол мөлшерде 1000 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар Қайрат Балабиев су мәселесіне де тоқталды. Енді экологиялық қылмыс жасағандарды жауапқа тарту артады.

"Президент еліміздің басты құндылығы адам деп бағалап, қоғамның орнықты дамуын ұлт саулығымен байланыстырады. Әлемді алаңдатқан су мәселесіне президент те бей-жай қарамай, суды үнемдеуге және бүлдірмеуге үндейді. Өкінішке қарай ағын су тұрмақ, жерасты суларын ластайтындар да азаймай тұр. Жалпы табиғи байлыққа тыныштық бермейтін жер қойнауын заңсыз әрі аяусыз пайдаланатындар көбейіп барады. Білгенге бұл экологиялық құқық бұзушылыққа жатады. Өйткені су ластанса, соның салдарынан сарқылса табиғатқа да, адамзатқа зиян. Заңда экологиялық қылмыс жасағандарды жауапқа тарту арттырмақ. Адамзатқа қауіп төндіргені үшін не Қазақстан азаматтығынан немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал денсаулыққа келтірген зиянның дәрежесіне қарай 3 жылдан 8 жылға дейін жазаланады. Бұл – тұрғындар қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға арналған шаралар". Қайрат Балабиев

Сол сияқты мұнай мен мұнай өнімдері тасымалдау, сатып алу, сақтау, өткізу, сапасы анықталмаған мұнайды өңдеу, клиникалық зерттеулер жүргізу, жаңа әдістер мен құралдарды қолдану тәртібі бұзу, жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу, экологиялық талаптарды бұзу, ауаны ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша да бірқатар баптарға өзгертулер енгізіледі.

Келесі кезекте депутат кеден ісіндегі кедергілерді атап өтті. Кедендік рәсімдерді "бір терезе" қағидатына көшу, кедендік бақылауды интеграциялау, тапсырылған. Президент кедендік тексерушілердің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсімдеу жүйесін реттеу де сайлауалды бағдарламаның бір тармағы еді. Осыған орай Қылмыстық Кодекстің баптарында жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни, Кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік алым-салымдарды төлеуден, бюджет пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көзделіп отыр. Мұндай еселенген айыппұлды төлету тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адамдарға қолданылмайды.

Президент өнеркәсіп, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет екенін айтқан еді. Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде бірінші кезекте бизнеске қолайлы жағдай жасайды. Экономиканың қозғаушы күші - бизнес. Қазір Бизнесті жүргізу мәселелері туралы Заң жобасы мәжіліс қарауында жатыр. Мәжіліс депутатының сөзінше, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған заң жобасы еліміз үшін маңызды әрі тиімді екені ақиқат. Бұл заңды мыңдаған бизнес өкілдері тағатсыздана күтіп жүр.

Бизнесті жүргізуде мейлінше бюрократиялық міндеттемелерді азайту, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынасты реттеу, адами фактордың араласуын азайтып бизнесті ашықтыққа көшіру сияқты өзге де мәселелер қарастырылған. Заң жобасын оңтайландыру барысында 86 заңнамалылық актілер, оның ішінде 11 кодекс қамтылды. Бұл 28 мемлекеттік органдар, оның ішінде көптеген комитеттерге қатысты жұмыстар. Мәжілістің 6 комитетінен 11 депутаттан құралған жұмысшы топ заңның дұрысталуына күш салып келеді.

"Президент парламентке сенім артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда "AMANAT" партиясының атқарып жатқан рөлі зор. Ел мен мүдде бір болғандықтан мемлекеттің дамуына қазақстандықтардың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін. Президент айтқандай адалдық пен әділдікке көшсек, жаңа Қазақстан сөзсіз құрылады. Ол елге көзсіз қызмет етіп, еңбегін аямайтын азаматтар көптеп керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының әр бастамасы мен тапсырмасы бас пайдасы үшін емес ел мен жердің қамы үшін екенін түсінсек игі. "Сабақты ине сәтімен" дегендей, орында бардың оңалатын күніне де жетеміз. Ең бастысы айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбіршілік сақтау міндет болып тұр. Өзгерістер мүлде жоқ емес, бар екенін мойындау қажет", - деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: