Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті
Прокуратура, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының өкілдері, сонымен қатар мектеп және колледж басшылары, ювеналды полиция инспекторлары қатысқан жиында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің және өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жұмыстарын күшейту кеңінен талқыланды.
Әуелі Тараз қаласы полиция басқармасының ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айбек Асабаев кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының бас маманы Мұхтар Керімбеков кәмелетке толмаған колледж студенттері арасында құқық бұзушылық пен бопсалаудың алдын алу жұмысын ұйымдастыру, қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова жалпы білім беру мекемелеріндегі кәмелетке толмағандардың оқыс оқиғаларға кезігіп қалуы мен келеңсіз жайттардың алдын алу жұмысын күшейту жөнінде баяндады.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының м.а. Сәуле Конкашева кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алуды ұйымдастыру және жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде баяндады. Басқосуда комиссия мүшелері тарапынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілді.