Атырауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үшінші Ұлттық құрылтайдың отырысы басталды
Ақорда таратқан ресми ақпаратқа сай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы басталды.
Қазір Құрылтай мүшелері секцияларда айтылған ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, өз ойларымен бөлісіп жатыр, - деп айтылған ақпаратта.
Сөз басында мемлекет басшысы жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтады.
"Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз." Мемлекет басшысы
Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады, деп атап өтті президент.
"Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды." Президент
Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі, - деп атап өтті президент.