"Айбын" орденіне қазақтың үш жауынгерінің есімі беріледі
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде "Айбын" орденіне берілетін үш қазақстандық жауынгер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің сөзінше, еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес.
"Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне "Момышұлы спиралі" деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр." Мемлекет басшысы
Президент былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында бірқатар ордендерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы айтқанын еске салды.
"Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Бұл отаншылдықты және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республикалық комиссия айналысып жатыр. Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған "Айбын" ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді." Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің сөзінше, мұндай қадам награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript