Мемлекет басшысы қандай құндылықтарды бірінші орынға қоятынын айтты
Сурет: akorda.kz
"Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз. Біз серіктестікке баса мән береміз". Бұл туралы Мемлекет басшысы 2024 жылы 31 мамырда ғалымдармен болған кездесуі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек.
"Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз".Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Президент қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанымызды баса атап өтті.
"Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет. Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Айта кетсек, Мемлекет басшысы кездесу барысында бұған дейін шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынын айтқан еді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript