Қытайдан 500 кәсіпкер қандай мақсатпен келді
Премьер-Министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation (CNPC) Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесу өткізді.
Кездесуде Энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды. Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық сарапшылар қажетті есептер жүргізуде.
Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысы аясында жалпы сомасы 3,7 млрд долларға (1,75 трлн теңге) 40-тан астам келісімге қол қойылды. Отырысқа 500-ден астам бизнес өкілдері қатысты, олардың ішінде 50-ден астамы Қытайдың ірі компаниялары болды.
Бірнеше маңызды құжаттар тізбесі:
- "Самұрық-Қазына" АҚ мен SANY Renewables Energy арасындағы жел компоненттерін өндіру жөніндегі келісім
- ҚР Энергетика министрлігі мен CNPC арасындағы негіздемелік келісім
- "ҚТЖ "ҰК" АҚ мен CRRC арасында 200 Локомотив жеткізу туралы шарт
- "KEGOC" АҚ мен China Energy International Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум
- "Қазпошта" АҚ мен China арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум
- Астана әкімдігі мен Shenzhen energy environment және China State Construction Engineering Corporation арасындағы елордада электр энергиясын өндіру үшін қоқыс жағатын зауыт салу туралы келісім
Айта кетейік, 2023 жылы Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болды, екіжақты сауда өткен жылмен салыстырғанда 32% - ға өсіп, 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан Қытайға экспорттың негізгі баптары шикі мұнай, металдар және ауыл шаруашылығы өнімдері болып табылады, ал Қытай өз кезегінде Қазақстанға машина жабдықтарын, электрониканы және тұтыну тауарларын жеткізеді.