Тоқаев: Біз Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі және одақтасы болдық және осылай қала береміз
Мемлекет басшысының "Известия" газетінде жарияланған мақаласында Қазақстан мен Ресей бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан тату көршілік пен көп қырлы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отырғаны айтылған. Оның негізінде мүдделердің ортақтығы, өзара сыйластық, жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог жатыр.
Тоқаев Ресей Президенті Владимир Владимирович Путин екеуі үнемі хабарда екенін атап өтті. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді.
Соңғы бір жылдың өзінде Ресей мен Қазақстан толыққанды форматта төрт келіссөз жүргізді. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездесті, телефонмен де жиі сөйлесті.
Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырғанының арқасында қол жеткізілді.
Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді.
Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар.
Астана мен Мәскеу Еуразия экономикалық одағы аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл құрылым Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналды және халықаралық деңгейде абырой-беделге ие болды.
Сондай-ақ, Тоқаев биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толғанын тілге тиек етті. Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті, бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті.
Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді.
Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.
"Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ",- деп мәлімдеді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізетіндігіне сенімді екенін жеткізді.
Мұнымен қоса, елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатқандығы, ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз екендігі айтылды.
Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та қарқынды дамып келеді. Көпшілік көңілінен шығатын мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады.
Былтыр елімізде "орыс маусымы" деген атаумен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде "Абай" операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Сондай-ақ Ресейдің басты мұражайлары – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады.
Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен "Болашақ ойындарына" қатысты. Ал Астанадағы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл – мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты жаңа форматта өрбіту маңызды екенінің белгісі. Біз осы игі дәстүрді жалғастырып, Ресей бастамасымен қолға алынған "Болашақ ойындарының" кезекті сайысын 2026 жылы Қазақстанда өткіземіз.
Білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түсті. Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз.
Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар.
Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар.
Сөз соңында, биыл екі жақты қарым-қатынасымыз үшін жемісті жыл болды деп сеніммен айтуға болатындығы жеткізілді. Сонымен бірге 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Соның бәрі екі ел азаматтарының игілігіне айналады деп сенемін,- делінген ҚР Президенті мақаласында.
"Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Ал Қазақстанға келер болсақ, біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайттын және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатқанын негіздеді.