Мемлекет басшысы Мысыр, Ирак және басқа да елдерге жаңа елшілерді тағайындады
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Осылайша, Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
Асқар Жеңісұлы Жеңіс Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды;
Сурет: ҚР СІМ
Асқар Жеңісұлы Жеңіс – Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі
1974 жылы дүниеге келген. 1996 жылы "Шығыстану" мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде бастады. Әр жылдары "Қазақойл", "Қазақтелеком", "ҚазТрансГаз" ұлттық компанияларында, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2008-2012 жылдары аралығында Ыстанбұлдағы ҚР Бас консулы, ал 2012-2014 жылдары Дубайдағы ҚР Бас консулы болды. 2014-2020 жылдары – Қазақстанның Қатардағы Елшісі.
2020-2021 жылдары ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы қызметін атқарды, содан кейін 2021-2022 жылдары ҚР СІМ-нің Алматыдағы Өкілдігін басқарды. 2022 жылдан 2024 жылға дейін – ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры.
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін 2024 жылдан бастап ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.
II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Араб, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.
Сурет: ҚР СІМ
Дәулет Қасекенұлы Батырашев Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;
Дәулет Қасекенұлы Батырашев – Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Елшісі
1971 жылғы 1 тамызда Алматы қаласында туған. 1993 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-менеджер мамандығы бойынша бітірген.
Өз еңбек жолын 1993 жылы "КРАМДС" ҰАК аумақтық компаниясын дамыту бөлімінің маманы ретінде бастаған. Содан кейін 1993 жылдан 1994 жылға дейін "Невада-Семей" ХАҚ үйлестіру кеңесі хатшылығының және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жетісу гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясының референт-аудармашысы болды. 1994 жылы "Поршень-комплект" ӨКО директорының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары. 1995 жылы ҚР Президенті Аппаратының халықаралық бөліміне маман ретінде жұмысқа ауысты.
1996 жылы Қазақстан сыртқы саяси ведомствосындағы өз жұмысын бастап, Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің атташесі болып тағайындалды. 1997 жылы ҚР СІМ Орталық аппаратына оралып, екінші хатшы лауазымынан Сыртқы істер министрінің кеңесшісі лауазымына дейін жұмыс істеді. 1999-2002 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, ал 2002 жылы ҚР СІМ Аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
2003 жылдан 2006 жылға дейін Амстердам қаласындағы ҚР Бас консулы, Нидерландтағы ҚР Уақытша сенімді өкілі болды. 2006-2011 жылдары аралығында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2011-2014 жылдары Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі болды, ал 2014-2019 жылдары Қазақстанның Румыниядағы Елшісі қызметін атқарды.
Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылдан бастап Қазақстанның Португалиядағы Елшісі болды.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие.
Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.
Сурет: ҚР СІМ
Жан Сержанұлы Ғалиев Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды;
Жан Сержанұлы Ғалиев – Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Елшісі
1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, 1996 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Халықаралық қатынастар институтын (Страсбург қ.), 1998 жылы Франция Премьер-министрі жанындағы Халықаралық мемлекеттік басқару институтын (Париж қ.), Адам құқықтары институтын (Страсбург қ.), Халықаралық құқық академиясын (Гаага қ.), 2006 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірді.
Еңбек жолын ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінде тілші-сарапшы ретінде бастаған. 1999 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде Екіжақты ынтымақтастық департаментінің референті, үшінші хатшысы, екінші хатшысы ретінде жұмыс істеді. 2001 жылдан 2005 жылға дейін Франциядағы ҚР Елшілігінің екінші хатшысы болды, одан кейін ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің Еуропа басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Кейін Бельгия мен Франциядағы ҚР елшіліктерінде кеңесші-уәкіл, сондай-ақ ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып жұмыс істеді.
2017-2022 жылдары – Қазақстанның Франциядағы және Монакодағы Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы ҚР Тұрақты өкілі.
Қазақстанның Португалиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2022 жылдан бастап ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болды.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Француз және ағылшын тілдерін меңгерген.
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Рахымқұлұлы Шалданбай Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Мемлекет басшысының басқа жарлықтарымен Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды. Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.
2024 жылдың желтоқсанында президент Қазақстанның Жапониядағы Елшісін ауыстырды.