Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен телефон арқылы сөйлесті

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікке оң баға берді.
Ең алдымен энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді тиімді іске асыруға баса назар аударылды. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызына ден қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан қазіргі жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бейіл екендерін растады.
Әңгімелесу соңында Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Байменовты қабылдап, онымен әлемдегі мемлекеттік басқарудың даму үрдістері мен доктриналарын талқылағаны хабарланған. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысының халықаралық ауыр атлетика федерациялары басшыларымен кездескені белгілі.