Бектенов тауарлық газды өндірістен тұтынуға дейін цифрлық есепке алуды қамтамасыз етуді тапсырды

Олжас Бектенов, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.04.2025 14:07 Фото: akorda.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 23 сәуірде өткен Үкімет отырысында 2026 жылдың 1 тамызына дейін тауарлық газды өндіруден бастап тұтынуға дейінгі бүкіл тізбек бойынша цифрлық есепке алуды қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бектенов әлемде көмірсутек отынының ең экологиялық түрі ретінде табиғи газды тұтынудың тұрақты өсу үрдісі байқалатынын атап өтті.

"Газ – көмір мен жаңартылатын энергия көздерінің арасындағы өткел рөлін атқаратын транзиттік энергетиканың аса маңызды элементіне айналуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тіпті декарбонизацияға бағытталған елдерде де газ базалық және резервтік генерация ретінде өз орнын сақтап келеді, бұл энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – әлемдік энергетикалық нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында ерекше маңызды. Қазақстанда газ – жай ғана отын емес, бұл – азаматтардың өмір сүру сапасына, экономиканың тұрақтылығына және өңірлердің дамуына әсер ететін әлеуметтік маңызды ресурс", – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі газдандыру деңгейі шамамен 62,4% құрайды.

"Газдандырудың бас схемасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта қазір бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральды газ құбырының екінші желісі мен "Талдықорған – Үшарал" газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаларды тұрақты бақылауда ұстау қажет", – деп қосты Бектенов.

Осыған байланысты Премьер-министр Энергетика министрлігіне QazaqGaz және "ҚазМұнайГаз" компанияларымен бірлесіп, 2025 жылдың 1 маусымына дейін жаңа газ кен орындарын игеру мен дамыту жөнінде ұсыныстарды Үкіметке енгізуді тапсырды.

"Сондай-ақ Индустрия және Энергетика министрліктеріне биылғы жылдың тамызының соңына дейін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қосуды тапсырамын. "Самұрық-Қазына" қорына Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақытында аяқтауды ерекше бақылауға алуды міндеттеймін. Энергетика министрлігі осы жылдың үшінші тоқсанында Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты бойынша инвестициялық шешімді қамтамасыз етуі қажет. Үкімет магистральдық газ құбырларының құрылысын жеделдету бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл – өнеркәсіптің әрі қарай дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер етеді. Газ құбыры жобаларының жылдам іске асырылуын ескере отырып, өңірлердің әкімдіктері елді мекендерді газдандыру бойынша барлық жоспарланған жұмыстарды алдын ала дайындап, уақытында аяқтауы тиіс", – деді Бектенов.

Оның айтуынша, газ тұтынуды есепке алу және бақылау үшін цифрлық шешімдерді енгізу қажет. Бұл шығындарды азайтуға, жүйенің ашықтығы мен басқарылуын арттыруға мүмкіндік береді.

"Сондықтан QazaqGaz компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп 2026 жылдың 1 тамызына дейін өндірістен тұтынуға дейінгі барлық тізбек бойынша тауарлық газдың цифрлық есебін қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ, өңірлер деңгейінде сұйытылған мұнай газының қажеттіліктерін қалыптастыру және тарату процестерін цифрландыруға назар аудару маңызды. Бүгінде ол қолмен жүзеге асырылады және мұндай мөлдір емес механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеледі. Сондықтан бұл процесті цифрландыру және барлық қатысушыларға түсінікті ету қажет. Энергетика министрлігіне және өңірлердің әкімдеріне бір ай мерзімде сұйытылған газды бөлу процестерін автоматтандыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Роман Васильевич Скляр жалпы бақылау және үйлестіруді жүзеге асырады", – деді Бектенов.

Бұған дейін мұнай бағасының ауытқуының Қазақстандағы бензин құнына әсері жайлы жазған болатынбыз

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: