Алматыда АҚШ Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісім ратификацияланды

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген Ақорда хабарламасында.
Алдында Алматыда консулдық мекеме ғимараттарын салу үшін АҚШ үкіметіне жер телімі берілетіні хабарланған. Жерді жалға алу келісімі 49 жылға жасалады. 2025 жылы 22 қаңтарда бұл туралы тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілген болатын.
Келісім бойынша жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары нақты белгіленген. Жалға алу мерзімі үшін жалдау ақысы 25 миллион долларды құрайды және бұл сома Кrлісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде біржолғы төлеммен төленеді. Сонымен қатар, АҚШ Үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратқа қатысты барлық салықтар мен басқа да төлемдерден босатылады (жалдау ақысынан басқа).
Аталған заң ратификацияланған соң америкалық тарап Хьюстон қаласында Қазақстанның бас консульдығын ашуға рұқсат бермек.
Бұған дейін Мемлекет басшысы тауарлардың шығарылған елін айқындаушы заң жобасына қол қойған болатын.