Мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөніндегі түзетулерді қабылдады
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Түзетулер "Архив ісі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған және бала құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кинематография, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар сияқты 9 негізгі заңды қамтиды.
Мәжіліс депутаты Елнур Бейсенбаевтың айтуынша, қоғамда балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістегі жағымсыз контенттен қорғау мәселесіне алаңдаушылық артқандықтан, заң жобасына педофилия мен дәстүрлі емес сексуалды бағытты жария түрде насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілген.
"Балалар мен жасөспірімдер интернетте күн сайын отбасына және болашаққа қатысты олардың түсініктеріне кері әсер етуі мүмкін ақпаратқа тап болады. Өскелең ұрпақты заңсыз контенттен қорғау – олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі", – деді депутат.
Сондай-ақ, депутат өткен жылы "Қазақстанда ашық және жасырын ЛГБТ насихатына қарсыбыз!" атты петиция қажетті 50 мың қол жинап, ресми қарауға жіберілгенін еске салды. Петиция нәтижесінде Ұлттық гүлденуге қолдау қоры кең ауқымды зерттеу жүргізіп, дәстүрлі емес қатынастарды легитимдеу мен насихаттау өскелең ұрпақтың тұрақтылық сезімін әлсіретуі мүмкін екенін атап өткен.
"Дәстүрлі емес сексуалды бағытты насихаттау" ұғымына нақты анықтама енгізіліп, оны БАҚ-та, онлайн-платформаларда және телекоммуникациялық желілерде жариялауға шектеу қойылды. Бұл нормалар үкіметтің, сарапшылар мен азаматтық қоғамның консолидацияланған шешімі болып табылады. Айта кетерлігі, Қазақстан бұл мәселеде алғашқы болып отырған жоқ. Ұқсас нормалар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресей сияқты бірнеше елде қолданылады. Сонымен қатар, АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың трансгендерлерге паспортына биологиялық жынысынан өзгеше жынысты көрсетуге тыйым салу жөніндегі позициясын қолдаған. Бұл тіпті толерантты Америка да табиғат заңдарына қарсы шықпайтынын тағы бір дәлелдейді", – деді депутат.
Ол халықаралық балалар құқығы стандарттарында да ұқсас талаптар бар екенін атап өтті. БҰҰ Конвенциясының 17-бабына сәйкес мемлекеттер баланы оның игілігіне зиян келтіретін ақпарат пен материалдан, соның ішінде онлайн-ортада қорғау шараларын қабылдауға міндетті.
"Мұнда ЛГБТ қауымдастығына жататын адамдарды "тыйым салу" немесе "жою" туралы сөз жоқ. Ешкім олардың жеке құқықтарын шектемейді. Енгізілетін нормалар осындай ақпаратты жария түрде тарату шеңберін белгілейді, бұл жалпы қабылданған халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді", – деп қосты Бейсенбаев.
Еске салсақ, Мәжілістің жұмыс тобы 2025 жылғы 28 қазанда ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға тыйым салу нормасын қарастырып, қолдаған болатын.