Мәскеудегі келіссөз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин не жайлы сөйлесті

Келіссөз, Мәскеу, Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин  , сурет - Zakon.kz жаңалық 12.11.2025 17:46 Сурет: Ақорда
Мәскеуде 2024 жылы 12 қарашада Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізді. "Өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады", - деді Мемлекет басшысы, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

"Владимир Владимирович, Сізге алғысым шексіз. Ерекше қонақжайлығыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ Тоқаев Путинге алдында ғана өзі айтқандай, барлық сала табысты дамып келе жатқанына баса атап өтті.

"Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай "Росатоммен" станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады. Білім саласындағы ықпалдастығымызды атап өткім келеді. Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін", - деді ҚР президенті.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды.

"Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Өз кезегінде РФ президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Кемелұлын Мәскеуде, Кремль сарайында қарсы алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

"Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде". РФ президенті Владимир Путин

Ол Ресей мен Қазақстан халықаралық аренада тығыз байланыс орнатып отырғанын да атап өтті.

"Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз", - дейді Владимир Путин.

Бұған дейін Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөздері басталғаны, ал оның алдында Кремль сарайының Георгиев залында Қазақстан президентін ресми қабылдау рәсімі өткені хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: