Тоқаев волонтерлердің цифрлық паспортын жасау және халықаралық ынтымақтастықты қолдауға қатысты пікір білдірді
Сурет: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен қолдану керегін атап, волонтерлердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдайтынын айтты.
"Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технологиялар, әсіресе жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент халықаралық ынтымақтастықты арттыру, тәжірибе алмасу және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіру үшін жаңа платформалар құру қажет екенін атап өтті.
"Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына қатысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында да еріктілер қозғалысын дамытып жатқанын атап өтті.
"Биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Сонымен қатар, БҰҰ қолдауымен сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастырылатын болады. Бұл экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізіледі, оған әртүрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады", – деді Президент.
Тоқаев бұл бастамаларды Қазақстанның кең байтақ өңіріндегі экожүйені сақтау үшін маңызды деп бағалап, қолдау білдірді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript