Тоқаев пен Пезешкиан халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран басшысы Масуд Пезешкианмен кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанын айтты., сурет - Zakon.kz жаңалық 11.12.2025 15:08 Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран басшысы Масуд Пезешкианмен кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанын айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, тараптар әлемдегі қарулы қақтығыстардың күшеюіне, санкциялық қысымдардың артуына және сауда соғыстарының өршуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың беделінің төмендеуі жөнінде пікір алмасты.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның жарғылары мен қарарларын қатаң сақтау, халықаралық құқықтың үстемдігін алға жылжыту және әділдік қағидаттарын қорғау бағытында ортақ ұстанымға келдік. Барлық жанжалдар дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі тиіс екенін атап өттік. Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығын жалғастыра береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иран Президенті Масуд Пезешкиан Қазақстанға шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Иран Орталық Азия мемлекеттерімен достық қарым-қатынасқа ерекше мән береді.

"Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий арқылы шектесетін көршіміз. Президент Тоқаевпен ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет және жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Бұл келіссөздердің нәтижесін жақын уақытта көреміз деп сенемін. Халықаралық мәселелер бойынша екі елдің көзқарасы ұқсас", – деді Пезешкиан.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: