Экономикалық өсім ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс – Президент
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы жаңа үрдістерге назар аударып, дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып, халықаралық сауда қарқыны әлсіреп отырғанын айтты.
"Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда", – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін жаңа экономикалық және саяси тәсілдер қажет.
"Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалды. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуде, біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек", – деді ол.
Президент экономиканың өсуі халықтың нақты табысын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
"Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз – экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін тұрақты өсім моделі қажет екенін мәлімдеді. Бұл модель нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін негізгі салаларға бағыттауды көздейді. Президенттің сөзінше, бұл тәсіл ұлттық табысты азаматтарға әділ бөлуге мүмкіндік береді.
"Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау. Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни саясаттың түпкі нәтижесі – халық табысын арттыру және экономикалық дербестікті нығайту", – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ экономикалық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетінін атап өтті, мамандармен кеңес жүргізілетінін және арнайы экономикалық сараптамалар негізінде шешімдер қабылданатынын айтты.