Әлемдегі аса күрделі ахуалға қарамастан, ұлттық стратегиямызды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз – Тоқаев

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 12.03.2026 13:34 Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ахуалдың қазіргі тұрақсыздық, белгісіздік және қауіп-қатер кезеңінде тұрғанын айтып, Қазақстан азаматтарына сабыр мен стратегиялық ойлылықты сақтау керектігін жеткізді.

Президенттің сөзінше жер шарындағы барша адамзат "турбуленттілік" деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі "турбулентті" аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр. Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр.

"Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай. Өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті. Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, егер әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты. Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент атап өткендей, осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына алаңдаушы еді, ал қазір жұрт әлемдік соғыс табалдырығында тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтіруі мүмкін.

"Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және сырттағы арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын". Мемлекет басшысы

Президент әлемнің технологиялық, экономикалық және саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындау керектігін айтты. Оның жақсы жаққа өзгерген-өзгермегенін болашақ өркениет бағалайтынына қарамастан, Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға құқығы жоқ.

"Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса, біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет. Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады. Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет". Президент

Тоқаевтың сөзінше, қазіргі жаһандық "турбуленттілік" кезеңінде Қазақстанның басты міндеті – ұлттық мүддесін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стратегиялық шешімдер қабылдау және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау болып отыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: