Әскери қақтығыстар, "сауда соғысы" жылдан жылға ушығып барады – Президент әлемдегі жағдай туралы пікірін айтты
Фото: akorda.kz
"Қазір әлемдегі саяси-экономикалық ахуал аса күрделі болып кеткенін көріп отырсыздар. Әскери қақтығыстар, "сауда соғысы" жылдан жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз". Мемлекет басшысы
Президенттің дерегінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылы 306 миллиард долларға жетіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында екінші орынға шыққан. Бұл көрсеткіш аймақтағы барлық елдер арасындағы ең үлкен мән болып саналады.
"Соның нәтижесінде біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәйкес биыл осы көрсеткіш 320 миллиард доллар болады". Президент
Сонымен қатар, шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, елге 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызына тең.
Президент атап өткендей, елдің алтын-валюта қоры 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті.
"Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады". Қасым-Жомарт Тоқаев
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан экономикалық көрсеткіштерін арттырумен қатар, стратегиялық жоспарларды жүйелі жүзеге асырып, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге төтеп беруге қабілетті мемлекетке айналып келеді.