Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Моңғолияны Қазақстан үшін аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап өтіп, екі елдің тарихи тамыры мен рухани байланысының терең екенін ерекше жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
"Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен киіз үйлер мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келеді. Бір жарым жыл бұрын Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарым барысында Стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды бекіткен маңызды тарихи құжат. Қазіргі таңда екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хүрэлсүхтің бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады, – деді.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да бағыттар бойынша жан-жақты уағдаластықтарға қол жеткізілген.
Баян-Өлгейдегі консулдық және саяси байланыстар
Келіссөздер аясында ең маңызды шешімдердің бірі – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы келісім болды.
"Біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Бұл – стратегиялық серіктестік рухына сай маңызды қадам. Сонымен қатар бұл Моңғолия тарапынан қазақ халқына көрсетілген құрмет пен достықтың айқын көрінісі. Осы шешім үшін Президент Хүрэлсүх мырзаға алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Президент Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 2025 жылы 130 миллион доллардан асып, 7,7 пайызға өскенін атап өтті.
"Елдеріміздің экономикалық әлеуеті жоғары. Біз алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Ол үшін сауда құрылымын кеңейту, жаңа тауар түрлерін қосу және кедергілерді азайту қажет. Осы бағытта нақты ұсыныстар бар, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстанның сауда миссиясы Моңғолияға барып, экономикалық байланыстарды әртараптандыру бойынша ұсыныстар жасағаны айтылды. Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімінің ратификациялануы екі елге жаңа мүмкіндіктер ашатыны жеткізілді.
Көлік және логистика
Келіссөздерде көлік-логистика саласы негізгі басым бағыттардың бірі болды.
"Біз Моңғолиямен тікелей автокөлік жолын салу жөнінде ортақ шешімге келдік. Бұл өте күрделі жоба болғанымен, екі тараптың мақсаты ортақ. Осы мақсатта бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобы құрылады. Ол барлық техникалық және дипломатиялық мәселелерді қарастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар екі ел арасында әуе қатынасын дамыту жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі "Алматы – Ұлан-Батыр" рейсімен қатар, жақын уақытта "Астана – Ұлан-Батыр" бағыты қайта ашылады. Бұдан бөлек, "Өскемен – Өлгей" әуе қатынасы да іске қосылады.
Аймақтық ынтымақтастық
Президент Трансалтай өңірі бойынша ұсынылған бастамаларға да тоқталды.
"Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттер сауда, көлік-логистика, туризм және мәдениет салаларында ортақ жобаларды жүзеге асыра алады. Бұл "Алтай" туристік кластерін дамытуға жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру
Келіссөздер барысында тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және энергетика салалары да талқыланды.
Қазақстан мал шаруашылығына арналған вакциналар өндірісін дамытуға және Моңғолияға жеткізуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ бірлескен өндіріс ашу мүмкіндігі қарастырылуда.
Цифрландыру саласында Қазақстанның тәжірибесі ұсынылып, Моңғолияның ғарыштық мониторинг жүйесін дамыту бастамасына қолдау көрсетуге дайын екені айтылды. Делегация мүшелері "Alem.AI" орталығы мен "Ақылды қала" басқару жүйесімен танысты.
Білім, мәдениет және гуманитарлық байланыс
Мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. "Silk Way Star" байқауындағы Моңғолия өкілінің жеңісі екі халық арасындағы рухани байланыстың дәлелі ретінде аталды.
"Біз Моңғолия азаматтарына жыл сайын білім гранттарын бөліп келеміз. Алдағы уақытта олардың санын арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар Ұлан-Батырда қазақстандық университет филиалын ашуды ұсынамыз. Биыл Моңғолияда "Study in Kazakhstan" білім жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ухнаагийн Хүрэлсүх келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады.
"Құрметті Президент, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі уағдаластықтар екі елдің игілігіне қызмет етеді деп сенемін. Бауырлас халықтардың достығы мен стратегиялық әріптестігі мәңгі жасай береді, – деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.