Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто "Қазақстан-Кения" бизнес форумына қатысты
Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл саяси шешімдерді бекітуге және екіжақты байланыстарды нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін көрсетеді, деп хабарлайды 2026 жылғы 20 мамырда Ақорданың баспасөз қызметі.
"Президент Уильям Рутомен жүргізген нәтижелі әрі мазмұнды келіссөз барысында көптеген бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенімізді растадық. Сондай-ақ серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындадық. Экономикалық байланыстарымыз таяу арада нақты іске ұласады деп ойлаймын", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық серіктестікті жандандыру бойынша бірқатар бастама көтерді.
"Сауда мен инвестиция саласындағы диалогтың арнаулы платформасына айналатын "Қазақстан – Кения" іскерлік кеңесін бекіту қажет. Бизнес-миссиялардың барыс-келісін тұрақты түрде ұйымдастыру компаниялардың өркендеуіне ықпал етеді. Қазақстанның Кениядағы бизнес мәселелерін үйлестіру бойынша Құрметті консулын тағайындау елдеріміздің кәсіпкерлері арасындағы байланысты арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту перспективасы мен тың мүмкіндіктерді пайдалану жөніндегі сарапшылар тобын құру ұсынылады. Осы шараларды іске асыру министрлер деңгейіндегі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияны тездетіп құруға берік негіз болады деп сенемін. Сондай-ақ бизнес тәжірибелерін зерделеу үшін Кенияға іскерлік орта өкілдерінен құралған топ жіберуге уағдаластық", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан - Орталық Азиядағы экономикасы ірі елдердің бірі. Өсім динамикасы – 6,5 пайыз.
"Шағын және орта бизнес – экономикамыздың 40 пайызына жуығын құрайды. Ел жетістіктерінің мәні осында. Мемлекеттегі тұрақты саяси ахуал экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция инвесторлар құқығын қорғаудың кепіліне айналды. Қазақстан инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тартымды институционалдық база қалыптастырды. Институционалдық қауіпсіздік арқылы ұзақмерзімді ынталандыру шараларын ұсынамыз. Енді шетелдік кәсіпкерлер инвесторларға салықтық және миграциялық жеңілдіктер беретін "Altyn Visa" бірегей бағдарламасын толық пайдалана алады. Осы орайда кениялық бизнестің көшбасшыларын аталған мүмкіндіктерді қолданып, Қазақстанды инвестиция, өсім және ұзақмерзімді серіктестік үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыруға шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің бірқатар перспективті салаларына тоқталды.
"Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы ретінде қалыптасты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағынан өтеді. Орта дәліз атауымен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Ал Кения – 300 миллион халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа. Орта дәлізді Африканың маңызды теңіз жолдарымен жалғау қажет. Осы мақсатта "Бір белдеу, бір жол" бастамасының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Қазақстан Шығыс Африканың ірі көлік-логистика желісі саналатын Кениядағы Момбаса және Ламу порттарымен байланыс орнатуға әзір. Бұл айлақтар қазақстандық металл өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің экспортын айтарлықтай арттыруға жол ашады. Теңіз жолына қоса әуе қатынасын дамыту жүк жеткізуді барынша жеделдетеді. Қазақстандағы «ашық аспан» режимі әлемдік авиатасымалдаушылар үшін жақсы ынталандыру болмақ. Ең әуелі, екі ел арасында әуе жүк тасымалын іске қосу мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынамын. Әрине, біздің ұзақмерзімді міндеттеріміздің бірі – Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады.
"Қазақстан негізгі азық-түлік дақылдарын өндіретін әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Африкадағы жоғары сұранысты ескере отырып, Сіздің еліңізге бидай экспорттауға мүдделіміз. Ал Кенияның шәйі, кофесі мен гүлі әлемге әйгілі. Сондықтан біз Қазақстанда Кения сауда хабын ашуға ниеттіміз. Сол арқылы Сіздің елдің бизнесі Еуразия нарығына дендеп ене алады. Сонымен қатар аграрлық саладағы бірлескен білім беру бастамасын құптаймыз. Кениялық студенттер мен мамандарды оқу орындарымызда қуана қарсы аламыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі және геологиялық барлау екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыты саналады.
"Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің және аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Таза энергияға көшу, цифрлық технология және озық өндіріс салаларында жаһандық сұраныстың ұлғаюына байланысты аталған қазба байлықтардың маңызы арта түсті. Осы орайда геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. "Самұрық Қазына" мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз. Оның аясында тараптар жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, бағалау және ілгерілету жұмыстарымен айналысады. Бұл құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Уильям Руто Кения мен Қазақстан ықпалдаса отырып, Африка және Орталық Азия арасында жаңа экономикалық көпір орната алатынына сенімді екенін айтты.
"Осында жиналған бизнес көшбасшыларын диалогтан – келісімге, байланыс орнатудан инвестицияға көшуге, қос халықтың игілігі үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп орындарын дамытуға шақырамын. Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін Астанада біздің елімізден келетін тауарларға арналған логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын", – деді Кения президенті.
Бұған дейін Тоқаев Уильям Рутоға І дәрежелі "Достық" орденін тапсырғанын жазғанбыз.

