АҚШ-тың Қазақстан тауарларына енгізген жаңа баж салығы: Сауда министрлігі түсініктеме берді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Ведомствоның мәліметінше, 23 шілдеде АҚШ 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдаған.
2026 жылдың 24 шілдесінен бастап Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж енгізіледі. Бұл шара АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларға қолданылмайды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі
Бұған дейін қолданылып келген 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің есептеулеріне сәйкес, Қазақстанның АҚШ-қа экспортталатын өнімдерінің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу мақсатында АҚШ тарапымен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді.
2026 жылғы 23 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанды қоса алғанда, 60 елдің экономикасына қатысты жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша сауда шараларын енгізу туралы меморандумға қол қойды. Вашингтон бұл елдер мәжбүрлі еңбек қолданылып өндірілген тауарлардың импортына тыйым салу шараларын жеткілікті деңгейде жүзеге асырмай отыр деп есептейді.
Ақ үйдің мәліметінше, тергеуді АҚШ Сауда өкілінің басқармасы 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөліміне сәйкес жүргізген. Америка билігі бірқатар ел мәжбүрлі еңбек қолданылып өндірілген тауарлардың импортына мүлде тыйым салмаған немесе қолданыстағы тыйымның тиімді орындалуын қамтамасыз етпеген деген қорытындыға келген.
Тергеу нәтижесінде АҚШ қосымша импорттық баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады. Заңнамасында тиісті тыйым болғанымен, оны қолдану тиімділігі жеткіліксіз деп танылған елдер үшін баж мөлшерлемесі 10% деңгейінде белгіленбек. Ал Қазақстанды қоса алғанда, өзге елдерден АҚШ-қа импортталатын тауарларға 12,5% мөлшерінде баж салығын енгізу ұсынылды.