Ауыл инфрақұрылымын дамыту Алматы облысының басты басымдықтарының біріне айналады
Сурет: primeminister.kz
ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, Роман Скляр депутаттарға Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновты және Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқып берді.
Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтың кандидатурасын депутаттардың 83%-ы қолдады. Нәтижесінде Президенттің тиісті Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.
Жиында Бектенов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Марат Сұлтанғазиевке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Үкімет басшысы облыс активіне жаңа әкім Шыңғыс Әріновты таныстырды.
Одан кейін Премьер-министр Алматы облысы әкімдігінің жұмысы бойынша негізгі басымдықтарды атап өтті.
Ауылдық жерлерде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқарту міндеттері қойылды.
- Елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметтермен қамтуды арттырып, инженерлік желілердегі апат санын азайту қажет.
- Сондай-ақ сумен, жылумен және электр энергиясымен қамту, су бұру жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа электр энергиясын өндіру көздерін салуға баса назар аударылды.
- Ауыл шаруашылығы саласында суармалы егіншілікті дамыту, су ысырабына жол бермеу, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және агроөнеркәсіптік кешеннің өңір экономикасындағы үлесін арттыру қажеттігі айтылды.
- Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстағы автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, инвестиция тартуды күшейту, өңдеу өнеркәсібін, туризмді және шағын әрі орта бизнесті дамыту, сондай-ақ жаңа экономикалық өсу нүктесіне айналып келе жатқан Алатау қаласының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды екені атап өтілді.
Жиын соңында Бектенов барлық бағыт пен сала бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
"Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет", – деп қорытындылады Премьер-министр.



