Қасым-Жомарт Тоқаев Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады
Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, еліміз Hanwha Group компаниясын стратегиялық маңызы бар бірқатар салада халықаралық позициясы берік Кореяның жетекші бизнес топтарының бірі ретінде қарастырады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Президент Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығуға мүмкіндік беретін технологиялық алаң ретінде пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Hanwha Group компаниясымен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тиімді нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ким Дон Вон Hanwha Group 1997 жылы Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқан алғашқы кореялық корпорациялардың бірі болғанын атап өтті. Ол еліміздегі цифрландыру үдерісіне атсалысу және түрлі жобаларды іске асыру мүмкіндігіне ерекше қызығушылық танытқанын жеткізді.