Қазақстан мен Корея 19 млрд доллардың коммерциялық келісімдеріне қол қойды

Қазақстан мен Корея 19 млрд доллардың коммерциялық келісімдеріне қол қойды, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.09.2026 14:25 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Корея Республикасы" саммитінде көпжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты басты бағыттардың бірі ретінде атады.

"Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда Корея капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte және Hanwha секілді жетекші компаниялар еліміздің нарығында ұзақ жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.

Президент сапар аясында жалпы құны шамамен 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жоғары қарқынын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлардың елімізде ұзақ уақыт тұруын жеңілдететін "Altyn Visa" бағдарламасы да осы мақсатқа қызмет етеді.

Президент өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Ол бұған мысал ретінде былтыр Қазақстанда іске қосылған KIA Qazaqstan зауытын атады.

Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Қазір зауыттың айналасында толыққанды өндірістік кластер қалыптасып келеді.

"Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің алғашқы кездесуін өткізу идеясын қолдап, жаңа серіктестік құруды ұсынды.

"Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін "Орталық Азия – Корея" өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндірісті жергіліктендіруге, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен ірі жобалардың тізімін жасақтай алар еді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы "Орталық Азия – Корея Республикасы" бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: