Бұрын-соңды болмаған бірегей жоба: Тоқаев "Astana AI Film Festival" байқауын жоғары бағалады

Тоқаев, Astana AI Film Festival, халықаралық кинофестиваль, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.10.2026 18:51 Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекшелігін атап өтті.

"Astana AI Film Festival" – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы бірегей жоба – еліміздегі креативті индустрия саласының қарқынды дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан бұл бағытта біртұтас экожүйе құру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар дарынды азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың өзектілігіне тоқталды.

"Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқан тұста саясаткерлер, ғалымдар мен сала көшбасшылары жасанды интеллект мүмкіндіктерінің және оны бақылаусыз қолданудың қатері арта түскеніне алаңдаулы. Бір анығы, бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес. Менің ойымша, оған ешкімнің таласы жоқ. Адамзат тарихында Прометей алауы өркендеудің нышаны болумен қатар дүлей күш ретінде де қарастырылды. Ядролық энергетикаға қатысты да осы мысалды келтіруге болады. Сондықтан ең әуелі қауіпсіздікке баса назар аударып, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережесін әзірлегеніміз жөн. Бұл өскелең ұрпақтың алаңсыз келешегі үшін қажет. Болашақ технологиясының зор шығармашылық әлеуетін игілікке жарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бүгінгі фестивальдің басты идеясы да осы", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері жастардың әлеуетін арттыруға жол ашады.

"Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа арнаған адамдар үшін таптырмайтын көмекші", – деді президент.

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

"Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Жақынға да, алысқа да мейіріммен қарау, ешкімді бөліп-жармау – халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұртшылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айтамын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай-Фуды қабылдаған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: