Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі
Сурет: Ақорда
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады.
"Қазақстан үшін аталған кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қозғаушы күші саналатынын айтты.
"Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ниетімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде белгілі брендке айналды. Бүгін Лаостың осы Ұйымға мүше болғанына қуаныштымын", – деді ол.
Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты.
Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдерістер орын алып жатыр.
"Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2022 жылы Астанада ұйымдастырылған VI саммитте АӨСШК мүше мемлекеттері Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға уағдаласқанына назар аударды.
"Бүгінде Ұйымға төрағалық етіп отырған Әзербайжан бұл миссияны лайықты деңгейде іске асырып келеді. АӨСШК Жарғысының қабылдануын асыға күтеміз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстанның АӨСШК трансформациясына қатысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндеттемелерге негізделген. Сондай-ақ ортақ түсіністікке қол жеткізуге және тиісті келісімдерді әзірлеуге икем танытуды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ынтымақтастыққа ашық институт болуға тиіс. Ұйым өзара сенім рухындағы дәйекті диалог пен сындарлы консультацияға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі керек", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды.
"Біздің ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.
"Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін атап өтті. Осы орайда, тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажет.
"Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі таңда кез келген стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор деп санайды. Әсіресе, бірнеше мемлекетке ортақ бастамаларда оның мәні арта түседі.
"Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін айтты.
"Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стратегия өңіріміздегі "Бір белдеу, бір жол", Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтты.
"Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды. Бұл елдеріміздің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудың көлемін арттыру жөніндегі жоспары туралы айтты.
"Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отыр. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы АӨСШК қызметіндегі экологиялық бағыттың маңызы арта түскенін атап өтті.
Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.
"Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, бұл бастамалар инвестиция мен адам капиталы болмаса түбегейлі нәтиже бермейді.
"Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын ұлы философ әрі ғалым әл-Фараби қоғамның қуаты оның халқының білімі мен адамгершілік қасиеттерінде екенін айтқан. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекеттерді АӨСШК-нің адами капитал саласындағы әріптестік орнатуға шақырамын. Мақсат – жас ұрпақты технологиялық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәселені шешуге үлес қосу үшін сарапшылық тәжірибемізді, маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ұсынуға дайынбыз. Келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Қазақстан ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге әзір", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
Айта кетсек, 2026 жылы 14 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу үшін Баку қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.