Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі
Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитін өткізу туралы өзекті бастаманы дер кезінде көтерген Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды 2026 жылы 9 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Каспий теңізінің аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып, бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті. –
"Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан президентінің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжанғанын жеткізді.
"Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері "Ұлы теңіз", "Қарт Каспий" деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экологиялық түйткілдерге халықаралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанына тоқталды.
"Біз табиғатты аялау құндылықтарын насихаттау қажет деп ойлаймыз. Бұл қағидаттардың жаңа Конституциямызда көрініс табуы бекер емес. Негізгі заң азаматтарды табиғат пен оның байлығына жанашырлықпен қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамдардың тұрмысы мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекетке жауапкершілік жүктейді. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Біз қарапайым әрі іргелі қағидаттарды басшылыққа аламыз. Яғни экономикалық даму мен табиғатты қорғау өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтыратын мақсаттар саналады", – деді президент.
Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтірді.
"Біз Солтүстік Арал теңізінің айдынын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақсарып, балық қоры қайта қалпына келді. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популяциясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін Президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Каспий ынтымақтастығының берік халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді.
"Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеген болатын.