Ағайынды спортшылар джиу-джитсудан әлем чемпионатында жеңіске жетті
Сурет: Спортшылардың жеке архивінен
Біріккен Араб әмірліктерінде джиу-джитсудан әлем біріншілігі өтті. Бұл жарыста Қазақстаннан барған 8 жасар Арслан мен 6 жасар Әрсен Берік жүздеген елден келген спортшылар арасында өнер көрсетіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абу-Дабидегі чемпионатқа дүниежүзінің 120 мемлекетінен 5 мыңға жуық спортшы келген. Жас спортшылар арасында АҚШ, Канада, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің өнерпаздары бақ сынады.
Әрсен мен Арслан үшін бұл - спорттағы алғашқы жеңісі. Арслан джиу-джитсудан бөлек, дзюдо, жүзу және баскетболмен айналысады.
"Болашақта джиу-джитсу олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін. Сондықтан осы спорт түрімен көп шұғылданып, елімнің намысын қорғағым келеді. Футболда Криштиану Роналду, басетболда Майкл Джордан, бокста Геннадий Головкин, бразилиялық джиу-джитсуда Гальбаниді үлгі тұтамын", - дейді Арслан.
Бұдан бұрын Бразилиялық джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында да Арслан Берік 24 келіде жеңімпаз атанған. Ал Әрсен 20 келіде сынға түсіп, кувейттік спортшыны жеңді.
Арсланның әкесі Алмас Өтебаевтың айтуынша, Арслан мен Әрсеннің спортқа құлшынысы олар мектеп табалдырығын аттамай тұрып басталған.
"Арслан да, Әрсен де 4 жасында спортқа барды. Арслан - үлкен ұлым. Әрсен - інімнің баласы. Екеуі де спорт десе ішер асын жерге қояды", - дейді Арсланның әкесі Алмас Өтебаев.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript