Астанада джиу-джитсудан әлем чемпионаты басталды
Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрама командасынан 194 үздік спортшы ел намысын қорғайды.
5 күн қатарынан өтетін дүбірлі додада 14-21 жас санаттары бойынша қатысушылар бақ сынайды.
Жарыс 25 тамызға дейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жалғасады. Чемпионаттың ақтық белдесулері Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Халықаралық джиу-джитсу федерациясының президенті Теодоропулос Панайотис, Астананың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР джиу-джитсу қауымдастығының президенті Қуат Сагиев қатысты.
"Бүгінгі таңда джиу-джитсу спорт түрі елімізге келгеніне аз уақыт болса да, кейінгі екі жылда үлкен жетістіктерге жетті. Оған дәлел, JJIF ( Джиу Джитсу Халықаралық Федерациясы) әлемдік деңгейде осы спорт түрін дамытуда үлкен үлес қосқаны үшін, Қазақстандағы джиу-джитсу спорт түрін дүниежүзінде екінші орын деп таныды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Әлем чемпионатын елордамыз Астанада өткізу джиу-джитсу спортын республикамызда және халықаралық аренада дамытуға және кеңінен таратуға, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға, халықты жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Барлық жарыс қатысушыларына сәттілік және соңына дейін жеңіске ұмтылуды тілеймін!" ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов