Екі нокаут, бір нокдаун. Азия чемпионатында үш қазақстандық боксшы жартылай финалға шықты
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63,5 келіге дейінгі салмақта бастапқы кездесуін сәтті өткізді. Ол таиландтық Роекпиджит Суфарекпен жұдырықтасып, оны үш рет нокдаунға жіберіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Бастапқыда төрешілер таи боксшысына көбірек ұпай ұсынған. Сондықтан Мұхамедсабыр Базарбайұл оларға дау тудырмастай осылайша тамаша жауап қатты. Жойқын шайқастың видеосына мына сілтеме арқылы өте аласыздар.
Базарбайұлы жартылай финалда моңғолиялық Тулга Оюнбаатармен кездеседі.
Жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов 71 келіге дейінгі салмақа кувейттік Сальман Аль-Шаммаримен рингке шықты. Бірінші раундта Сабыржан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Сөйтіп, бұл кездесу де техникалық нокаутпен аяқталды.
Тағы бір қазақстандық Диас Молжігітов 75 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Даниэл Абдрахмановты айқын басымдылықпен ұтты. Бұл жекпе-жекте де бірінші және үшінші раундта нокдаун тіркелді.
Осылайша, үш боксшы жартылай финалға шықты. Бұл – кемінде қола жүлде қоржында деген сөз.