Рыбакина Римдегі жеңісінен кейін: Бәріңізге рақмет, Парижде кездескенше
"Бүгінгі матчты бұлай аяқтағым келмеді, Ангелина тез сауығып кетеді деп үміттенемін", - деді Елена Рыбакина.
Ол сондай-ақ өзін қолдағандардың бәріне алғысын білдіріп, Парижде кездесуге уәде берді.
"Ангелинаның тезірек сауығып кетуін тілеймін, өйткені екеуіміз жақсы доспыз. Мен оның жетістігінің бәрі үшін өте қуаныштымын. Оның осы деңгейде жалғастыра беруін тілеймін, оны және Антонды құттықтаймын. Алға қарай ұмтыла беріңіздер. "Ролан Гарросқа" дейін қалпыңа келесің деп үміттенемін. Сондай-ақ жанкүйерлерге, соңына дейін қалып, тамашалағанның бәріне алғыс айтқым келеді. Бізге оңай болмады, бірақ жаңбырға байланысты қайта-қайта ауысқан соң сіздерге де оңай болмады. Қолдауларыңызға көп рақмет!"Елена Рыбакина
Ал Елена Рыбакинаның финалдағы қарсыласы, украиналық теннисші Ангелина Калинина матчтан соң кешірім сұрады.
"Ойынды жалғастыра алмағаным үшін кешірім сұраймын. Бар күшімді салуға тырыстым, бірақ... Бұл спорт. Мен Ленаны осы титулымен ғана емес, жалпы Уимблдоннан бастап биылғы ойыны үшін құттықтағым келеді. Бұл шынымен сүйсінетін жайт. Бір күні сенің деңгейіңе жетемін деп үміттенемін. Осы маусымның қалған бөлігінде сәттілік және алға қойған мақсаттарыңа жетуіңе тілектеспін!"Ангелина Калинина
Еске салайық, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Италияның астанасы Римдегі WTA 1000 турнирінің финалында әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен ойнады.
Елена Рыбакина бірінші сетте 6:4 есебімен ұтты, екінші сетте қазақстандық теннисші 1:0 есебімен алға шыққанда, Ангелина Калинина ойынды жарақатына байланысты жалғастырудан бас тартты. Осылайша, қазақстандық теннисші чемпион атанды.